Bereke Business кәсіпкерлерге валюталық бақылау жөнінде семинар өткізді
Аталған іс-шараға онлайн және офлайн форматта 170-тен астам адам қатысты. Bereke Bank сарапшылары валюталық заңнаманың өзекті талаптарын, тәжірибеде кездесетін жағдайларды және халықаралық операцияларды жүзеге асыру кезінде бизнес өкілдерін толғандыратын мәселелерді талқылады.
25 қарашада Bereke Business «Валюталық бақылау: бизнеске арналған өзекті талаптар мен тәжірибелік аспектілер» атты семинар өткізді. Іс-шараға 215 адам қызығушылық танытып, олардың 170-і онлайн және офлайн форматта қатысты.
Семинарда Bereke Bank операциялық блогының «Сыртқы экономикалық қызметтің құзыреттер орталығы» департаментінің валюталық бақылау бөлімінің басшысы Турсунова Рисалят спикер болды.
Кездесуде сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын сақтау мәселелері басты назарда болды. Қатысушылар валюталық бақылаудан өту тәртібін, құжаттарды рәсімдеу талаптары мен оларды ұсыну мерзімдерін, сондай-ақ халықаралық аударымдардың ерекшеліктерін талқылады.
Кәсіпкерлердің күнделікті қызметінде кездесетін практикалық мәселелерге ерекше назар аударылды: валюталық шарттарды тіркеу және олар бойынша міндеттемелерді орындау, репатриация мерзімдерін сақтау, сондай-ақ растайтын құжаттарды дайындау мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Семинардың жеке бөлімі сұрақ-жауап сессиясына арналды. Қатысушылар өздерін толғандырған жағдайларды талқылап, сарапшыдан түсіндірмелер мен халықаралық операцияларды жүзеге асыру кезіндегі тәуекелдерді азайтуға көмектесетін практикалық ұсыныстар алды.
«Біз үшін кәсіпкерлерге қаржылық құралдар ұсынып қана қоймай, бизнесті сенімді жүргізіп, салмақты шешім қабылдауға көмектесетін сараптамалық біліммен бөлісу маңызды. Валюталық заңнама мен бақылау талаптары – күрделі тақырып. Сондықтан біз сарапшылармен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік жасап, бизнестің күнделікті жұмысында кездесетін нақты жағдайларды талқылауға басымдық береміз», – деп атап өтті «Сыртқы экономикалық қызметтің құзыреттер орталығы» департаменті валюталық бақылау бөлімінің басшысы Рисалят Турсунова.
Мұндай іс-шараларды өткізу – Bereke Business-тің кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған кешенді жұмысының бір бөлігі. Банк қаржылық өнімдерді дамытумен қатар, қаржылық және іскерлік сауаттылықты арттыруға, тәжірибе алмасуға және бизнестің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған сараптамалық бастамаларды да жүзеге асырады.
Bereke Business сарапшылар мен кәсіпкерлер арасында ашық диалог орнатуға арналған кездесулерді жалғастырады. Бұл компаниялардың маңызды сұрақтарына жауап тауып, бизнесті дамытуға бағытталған мүмкіндіктерді пайдалануға көмектеседі.