Қазақстандағы бірыңғай QR: ыңғайлы, жылдам әрі қауіпсіз. Алаяқтарға душар болмас үшін нені білу маңызды
Қазақстанда бірыңғай QR іске қосылды – сатушыда қай банктің терминалы орнатылғанына қарамастан, кез келген бірыңғай QR-ға қосылған банктің мобильді қосымшасы арқылы сауда құнын төлеуге мүмкіндік беретін қолма-қол ақшасыз төлемнің жаңа жүйесі. Бұл сатып алушыларға де, бизнеске де қарапайым, жылдам әрі ыңғайлы төлем жасауға мүмкіндік береді.
Алайда, кез келген жаңа технология сияқты, бірыңғай QR-ды да алаяқтар алдау мақсатында пайдалануы мүмкін. Ескерген жөн: технологияның өзі қауіпсіз, ал негізгі тәуекелдер төлем жүйесіне қатысты емес, адамды алдап, ақшаны өз еркімен аударуға мәжбүрлейтін алаяқтардың әрекеттеріне байланысты.
Алаяқтардың QR-кодын қалай тануға болады?
QR-кодтың өзі қауіпті емес, бірақ төлем жасар алдында күмән тудыратын келесі белгілерге назар аудару қажет:
QR-код басқа QR-кодтың үстіне жапсырылған, бүлінген болып көрінеді немесе күмән тудырады.
QR-кодты бейтаныс адамдар мессенджер немесе әлеуметтік желі арқылы жіберген.
QR-кодты сканерлегеннен кейін банктің мобильді қосымшасының орнына логинді, құпиясөзді, SMS-кодты немесе банк картасының деректерін енгізуді сұрайтын белгісіз сайт ашылады.
Төлем алушының аты сауда жасалып жатқан дүкеннің немесе ұйымның атына сәйкес келмейді.
Сізді біреу төлем жасауға асықтырады, шот бұғатталатынын айтып қорқытады, жеңілдік, өтемақы немесе ұтыс аласыд деп уәде етеді не болмаса ақшаны шұғыл аударыңыз деп талап етеді.
QR-кодты ақшаны қайтару, өтемақы алу немесе «шотты қорғау» үшін пайдалануды ұсынады.
Осы белгілердің кемінде біреуін байқасаңыз, операцияны растамаңыз және ақпаратты сатушыдан нақтылап алыңыз немесе банкке хабарласыңыз.
Бірыңғай QR-ды қалай қауіпсіз пайдалануға болады?
Төлемдер қауіпсіз болуы үшін бірнеше қарапайым ережені сақтаңыз:
✅ Операцияны растау алдында төлем сомасы мен алушыны тексеріп алыңыз.
✅ Сауда құнын тек сатушы ұсынған QR-код арқылы төлеңіз.
✅ Сауданы тек сенімді сатушылардан жасаңыз және күмәнді төмен баға көргенде сақ болыңыз.
✅ Банктің тек ресми мобильді қосымшасын пайдаланыңыз және банк деректерін белгісіз сайттарға енгізбеңіз.
✅ SMS-кодтарды, бір реттік құпиясөздерді және басқа да растау кодтарын ешкімге хабарламаңыз.
✅ Бейтаныс адамдардың өтініші бойынша ақша аудармаңыз, тіпті олар өздерін банк қызметкері, мемлекеттік органның немесе құқық қорғау органдарының қызметкері деп таныстырса да.
Алаяқтар қандай алаяқтық схемаларды қолдануы мүмкін?
1. Жалған QR-кодтар
Алаяқтар түпнұсқа QR-кодтың үстіне өздерінің QR-кодын жапсыруы немесе QR-кодтың суретін мессенджер арқылы жіберіп, оны дүкеннің немесе сатушының төлем деректемесі деп алдауы мүмкін. Нәтижесінде ақша сатушыға емес, алаяққа түседі.
2. Жалған хабарландырулар мен интернет-дүкендер
Алаяқтар тартымды бағада тауар сататыны туралы сайттар, әлеуметтік желілердегі парақшалар немесе хабарландырулар жасап, тапсырысты QR-код арқылы төлеуді ұсынады. Төлемді алғаннан кейін сатушы жоғалып кетеді.
3. Банк немесе мемлекеттік органдардың жалған қызметкерлері
Алаяқтар қоңырау шалып, өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органдарының қызметкері, ұялы байланыс операторының немесе мемлекеттік ұйымның қызметкері деп таныстыруы мүмкін. Әртүрлі сылтау аайтып, олар клиентті QR-код арқылы қандай да бір төлем жасауға, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға немесе операцияны растауға көндіреді.
Есте сақтаңыз: банк қызметкерлері ешқашан ақшаны «қорғау» үшін аударыңыз, QR-код арқылы қандай да бір төлем жасаңыз немесе қаражатты «қауіпсіз» шотқа жіберіңіз деп сұрамайды.
4. Ақшаны қайтарудың орнына QR-код пайдалану
Интернет арқылы тауар сату кезінде алаяқ төлем алуға немесе ақшаны қайтаруға арнайы QR-кодты сканерлеу қажет деп айтуы мүмкін. Шын мәнінде, операцияны растағаннан кейін адам өз ақшасын өзі аударады.
5. Жалған төлем парақшалары
QR-кодты сканерлегеннен кейін пайдаланушы банктің мобильді қосымшасына емес, логинді, құпиясөзді, SMS-кодты немесе банк картасының деректерін алуға арналған жалған сайтқа өтуі мүмкін.
Күмән туса
QR-кодтың түпнұсқа екеніне сенімді болмасаңыз немесе біреу сізді шұғыл төлем жасаңыз деп көндіруге тырысса:
операцияны тоқтатыңыз;
қысым көрсеңіз немесе асығыс жағдайда төлемді растамаңыз;
банкке ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласыңыз.
Есте сақтаңыз: егер сізді біреу асықтырып, қорқытып немесе «қорғау үшін» ақша аударыңыз деп сұраса, бұл – алаяқтардың әрекеті болуы әбден мүмкін.