2023-12-21

АКРА Bereke Bank-ке BB+ деңгейінде кредиттік рейтинг тағайындады

Аналитикалық кредиттік рейтингтік агенттік (АКРА) Bereke Bank-ке BB+ деңгейінде халықаралық бағам бойынша рейтинг берді, болжамы – «Тұрақты».

Аталған рейтинг Bereke Bank-тің меншікті кредит қабілеттілігін, бизнес үлгісін, капиталының жеткіліктілігін, тәуекелдер профилін, қаржыландыру мүмкіндігін және сенімділігін бағалау арқылы анықталды.

Сондай-ақ банкке акционері «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ тарапынан көмек беру ықтималдығының жоғары екені рейтингке оң әсерін тигізді. Бұл ретте агенттік акционердің кредиттік қабілеттілігі жоғары өзге инвестор іздеу үстінде екенін ескерді.  

Естеріңізге салсақ,  ресейлік Аналитикалық кредиттік агенттік (АКРА) ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) белгілеген критерийлерге сәйкес келетінін растады. Жүргізілген бағалау қорытындысы бойынша ҚНРДА АКРА рейтингтерін пруденциалдық нормативтер мен лимиттерді сақтау мақсатында қаржы ұйымдары қолдану үшін бекітті.   

Анықтама үшін:

«Bereke Bank» АҚ – екінші деңгейдегі қазақстандық банк, қаржы ұйымы акцияларының 100%-ы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ атынан ҚР Үкіметіне тиесілі. 2023 ж. маусым айында Fitch Ratings халықаралық агенттігі «Bereke Bank» АҚ-ға тұрақты болжаммен «BB» деңгейінде ұзақмерзімді рейтинг берді. Бұл Қазақстанның банк нарығында ең жоғары рейтингтердің бірі.