Азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы
30.12.2022 ж. Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) қол қойды. Заң 03.03.2023 ж. бастап қолданысқа енгізілді.
Заң төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін, сондай-ақ соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану аясында Қазақстан Республикасының азаматы төлемге қабілетсіз болған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз беру үшін негіздер:
- 1) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 1600 еселенген мөлшерінен аспайтын міндеттемелердің болуы;
- 2) ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, меншік құқығында мүліктің болмауы;
- 3) кредиторлар алдындағы міндеттемелер бойынша мұндай арыз берілген күнге қатарынан он екі ай бойы өтеудің болмауы;
- 4) борышкерге қатысты банктік қарыз шарты бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу және (немесе) өндіріп алу жөніндегі рәсімдердің мерзімі өткен берешек туындаған кезден бастап он сегіз айдан аспайтын мерзімдерде жүргізілуі;
- 5) арыз берілген күнге дейін жеті жыл бойы соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімінің қолданылмауы;
Егер борышкер арыз берілген күннің алдындағы алты ай ішінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы болып табылса, арыз беруге құқылы болады.
Егер міндеттемелерді орындамау мерзімі арыз берілген күнге бес жылдан асса, борышкер арыз беруге құқылы болады.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз беру үшін негіздер:
- 1) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 1600 еселенген мөлшерінен асатын міндеттемелердің болуы;
- 2) кредиторлар алдындағы міндеттемелер бойынша мұндай арыз берілген күнге қатарынан он екі ай бойы өтеудің болмауы;
- 3) борышкерге қатысты банктік қарыз шарты бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу және (немесе) өндіріп алу жөніндегі рәсімдердің мерзімі өткен берешек туындаған кезден бастап он сегіз айдан аспайтын мерзімдерде жүргізілуі;
- 4) арыз берілген күнге дейін жеті жыл бойы соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану фактісінің болмауы;
Барлық міндеттеменің мөлшері өзіне тиесілі мүліктің құнынан аспайтын борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы арызбен ғана сотқа жүгінуге құқылы.
Борышкер белгіленген нысан бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз береді.
Борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызына:
- 1) кредиторлардың атауы, берешек сомасы, тұрған жері көрсетілген тізімі;
- 2) борышкердің банктік қарыз шарты бойынша берешекті реттеуді және (немесе) өндіріп алуды жүргізу жөнінде шаралар қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі (екінші деңгейдегі банктің банктік қарыз шартының талаптарын өзгертуден бас тарту туралы оның себептерінің уәжді негіздемесі көрсетілген жауаптары немесе борышкер арызының көшірмесі немесе арыздың электрондық форматта жіберілгені туралы растама).
Борышкердің берешекті реттеу туралы құжаты болмаған жағдайда, борышкерке берешекті реттеу туралы арызбен банкке жүгіну қажет.
Борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызды өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында береді.
Борышкердің арызында:
- 1) арыз берілетін соттың атауы;
- 2) кредиторлардың талаптарын қанағаттандыра алмаудың негіздемесі;
- 3) барлық кредиторлар мен дебиторлардың тізбесі (берешектердің сомасын және олардың қалыптасқан күнін, тұрғылықты жерінің немесе тұрған жерінің мекенжайын, электрондық мекенжайларын және байланыс телефондарының нөмірлерін көрсете отырып);
- 4) борышкер мүлкінің тізімдемесі;
- 5) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз бергенге дейінгі соңғы үш жыл ішіндегі азаматтық-құқықтық және (немесе) өзге де, оның ішінде талаптары борышкердің мүлік кепілімен қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша міндеттемелердің тізбесі;
- 6) борышкердің банктік қарыз шарты бойынша берешекті реттеуді және (немесе) өндіріп алуды жүргізу жөнінде шаралар қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі (екінші деңгейдегі банктің банктік қарыз шартының талаптарын өзгертуден бас тарту туралы оның себептерінің уәжді негіздемесі көрсетілген жауаптары немесе борышкер арызының көшірмесі немесе арыздың электрондық форматта жіберілгені туралы растама).
Борышкердің берешекті реттеу туралы құжаты болмаған жағдайда, борышкерке берешекті реттеу туралы арызбен банкке жүгіну қажет.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс қозғаудың салдары: соттан тыс банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бес жыл бойы банкротқа қарыздар (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа) берілмейді, сондай-ақ одан банктік қарыз және микрокредит беру шарттары бойынша кепіл, кепілдік және кепілгерлік түріндегі қамтамасыз ету қабылданбайды.
Уәкілетті орган соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде, сондай-ақ борышкер банкрот деп танылғаннан кейін үш жыл бойы уәкілетті орган борышкердің қаржылық жағдайына мониторинг жүргізеді, оның шеңберінде борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтаруы мақсатында жеке мүдделері үшін жасаған әрекеттеріне тексеру жүзеге асырылады, оның нәтижелері рәсімді тоқтатуға немесе банкроттың міндеттемелерін тоқтатудан бас тартуға негіз болуы мүмкін.