Берешекті есептен шығару тәртібі және мерзімі өткен кредиттерді реттеу туралы
Қарызды кешіру және есептен шығару туралы
Әлеуметтік желілерде екінші деңгейлі банктерде кредиттер жаппай есептен шығарылып жатыр деген шындыққа сай келмейтін ақпарат таралуда. Бұл мәлімет дұрыс емес.
Осыған байланысты:
• тек ресми дереккөздерге сенуді;
• қарызды «есептен шығарып береміз» деп уәде беретін делдалдарға жүгінбеуді сұраймыз.
Төлемнің кешіктірілуі немесе ұзақ уақыт төлем жасалмауы қарыз алушының банк алдындағы міндеттемесін автоматты түрде тоқтатпайды.
Банк әр өтінішті жеке тәртіпте қарайды, оған:
• нақты жағдай;
• клиенттің қаржылық ахуалы;
• міндеттемелердің сипаты ескеріледі.
Қарызды қашан есептен шығаруға болады
Банк кредиті бойынша берешекті есептен шығару ерекше жағдайларда ғана және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Атап айтқанда:
• жеке тұлға банкрот деп танылғанда;
• кредиттің алаяқтық жолмен ресімделгенін растайтын сот шешімі заңды күшіне енгенде;
• заңда көзделген өзге де жағдайларда.
Қайда жүгіну керектігі жағдайға байланысты анықталады:
• банкроттық бойынша — уәкілетті органға немесе сотқа;
• алаяқтық кредиттер бойынша — құқық қорғау органдарына.
Жеке тұлғалардың банкроттығы
Қарызды өтеу мүмкіндігі болмаған жағдайда, «Қазақстан Республикасының азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң соттан тыс банкроттық рәсімін қарастырады.
Соттан тыс банкроттықтың шарттары:
• қарыз сомасы 1 600 АЕК-тен аспауы тиіс;
• сатуға жататын мүлік болмауы (ортақ меншіктегі үлесті қоса алғанда);
• кредит бойынша 12 ай қатарынан төлем жасалмауы;
• соңғы 7 жылда банкроттық рәсімі қолданылмаған болуы;
• қарызды қайта құрылымдау жүргізілген болуы.
Егер мүлік болса немесе міндеттемелер сомасы 1 600 АЕК-тен асса, сотқа:
• төлем қабілеттілігін қалпына келтіру;
• сот арқылы банкроттық рәсімі бойынша жүгінуге болады.
Өтінішті қалай беруге болады
• тегін;
• eGov.kz порталы немесе ХҚКО арқылы.
Банкроттықтың салдары
• 5 жыл бойы кредит және микрокредит алуға тыйым салынады;
• 3 жыл ішінде қаржылық жағдайға мониторинг жүргізіледі;
• қайта банкроттық — 7 жылдан кейін ғана қарастырылуы мүмкін.
Мерзімі өткен берешекті реттеу
Қазақстанда қарыз алушылардың банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимылының бірыңғай тетігі қолданылады.
Кредит шарттарын өзгерту
Қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда қарыз алушы кредиторға жазбаша өтініш беріп, кредит шарттарын өзгерту туралы сұрай алады.
Өтінішке қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттар қоса тіркелуі қажет, мысалы:
• жұмыссыздық туралы анықтама;
• қысқарту, жұмыстан босату немесе толық емес жұмыс күні туралы құжаттар;
• декреттік демалыс туралы анықтама;
• соңғы 6 айдағы табыс туралы анықтама немесе шот үзіндісі;
• медициналық анықтамалар;
• жақын туыстарының қайтыс болғаны туралы құжаттар;
• материалдық шығынды растайтын құжаттар;
• мүгедектік туралы анықтама;
• сот актілері және өзге де дәлелдер.
Құжаттардың қолданылу мерзімі — өтініш берген сәттен 30 күннен аспауы тиіс.
Банк қосымша мәліметтер сұратуға құқылы.
Ай сайынғы төлемді арттыратын өзгерістер енгізілген жағдайда борыш жүктемесі коэффициенті ескеріледі.
Шешімді банкінің уәкілетті органы жазбаша өтініш негізінде қабылдайды.
Қарыз алушының және тең қарыз алушының немесе кепілгердің (бар болса) жеке қатысуы қажет.
Қарау мерзімі
• 15 күнтізбелік күнге дейін.
Банк шешімімен келіспеген жағдайда
Банктік омбудсменге жүгінуге болады:
• сайты: bank-ombudsman.kz
• телефоны: +7 771 929 33 33
Омбудсмен мына мәселелер бойынша дауларды қарайды:
• кредит шарттарын өзгерту;
• берешекті қайта құрылымдау;
• банктік кредит шарты бойынша міндеттемелерді орындау.
Омбудсмен өтінішті қарамайды, егер:
• іс сотта қаралып жатса немесе сот шешімі болса;
• банкке жүгінгені расталмаса;
• жаңа мән-жайларсыз қайта өтініш берілсе;
• өтініш өкілеттігі жоқ үшінші тұлғадан түссе;
• дау микрокредитке қатысты болса;
• мәселе алаяқтыққа байланысты болса.
Өтінішке қоса тіркелетін құжаттар:
• кредит шарты және төлем кестесі;
• банкке жүгінгенін және банк жауабын растайтын құжаттар;
• қаржылық қиындықтарды дәлелдейтін материалдар.
Омбудсмен жағдайды талдап, келісімге келу жолын ұсынады.
Оның шешімдері қаржы ұйымдары үшін міндетті.
Егер қарыз алушы омбудсмен шешімімен келіспесе, ол Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы.