2023-11-01

Мақсат Нұриденұлы «Bereke Bank» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы атанды

«Bereke Bank» акционерлік қоғамының 2023 ж. 27 қазандағы шешімімен Мақсат Нұриденұлы банктің Директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.

Аталған өзгерістерге сәйкес «Bereke Bank» АҚ-ның Директорлар кеңесі жеті адамнан тұрады: Елемесов А.Р., Мәдиев М.Д., Мұхамеджанов Ә. Б., Нұриденұлы М., Тимченко А.И., Хамитов Е.Е., Хусаинов Г.А.

Мақсат Нұриденұлы Халықаралық Бизнес Университетін (UIB) Қаржы мамандығы бойынша бітіріп, Іскерлік Әкімшілендіру бакалавры дәрежесін алды, сондай-ақ Master of Business and Economics (Халықаралық Бизнес Академиясы (IAB) Management) дәрежесіне ие. 2019 жылы Қазақстан Республикасының Президенттік кадрлық резервіне қабылданды.

Мақсат Нұриденұлы қаржы саласында 15 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Әр жылдары ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде, «Альфа-Банк» ЕБ АҚ, «Сбербанк» АҚ ЕБ, «ForteBank» АҚ, «Қазкоммерцбанк» АҚ, «Bereke Bank» АҚ-да жетекші басшылық лауазымдарды атқарды. Мақсат Нұриденұлы өзінің еңбек жолында операциялық блок, эквайринг, банктің өңірлік дамуы мен филиалдары, транзакциялық бизнес, клиенттік операцияларды сүйемелдеу, операциялық қызмет және бақылау процестерін дамыту, сонымен бірге шағын, микро бизнес және өздігінен қызмет көрсететін құрылғыларды дамыту жұмыстарын қоса алғанда, көптеген мәселелерге жетекшілік етті.

Анықтама үшін:

 «Bereke Bank» АҚ – екінші деңгейдегі қазақстандық банк, қаржы ұйымы акцияларының 100%-ы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ атынан ҚР Үкіметіне тиесілі. 01.09.2023 ж. жағдай бойынша ҚР ЕДБ ҮЗДІК ОНДЫҒЫНА кіреді.

Маусым айының басында Fitch Ratings халықаралық агенттігі «Bereke Bank» АҚ-ға тұрақты болжаммен «BB» деңгейінде ұзақмерзімді рейтинг берді. Бұл Қазақстанның банк нарығындағы ең жоғары рейтингтердің бірі.