2023-04-18

Кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі меморандум

12 сәуірде Bereke Bank пен Атырау облысының Кәсіпкерлік және туризм басқармасы аймақтағы кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бойынша бірлесіп жүргізілетін қызметті нығайту мақсатында Серіктестік туралы  меморандумға қол қойды.  

Аталған құжаттың негізінде жаңа жобалар жүзеге асырылмақ. Тараптар шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылай қолдау бойынша жасалатын мемлекеттік шаралардың тиімділігін арттыру үшін серіктестіктің бірқатар бағыттарын айқындады. Кәсіпкерлікті, қаржылық, әдістемелік және ұйымдастырушылық-құқықтық көмекті қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар туралы уақтылы және толық ақпараттандыруға ерекше назар аударылатын болады.

Bereke Bank – Атырау облысының Кәсіпкерлік және туризм басқармасымен  Кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі меморандумға қол қойған алғашқы қаржы институты. Құжатқа «Bereke Bank» АҚ-ның Атырау облысындағы филиал директоры Эльмира Нұрғалиева мен Атырау облысының Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков қол қойды.  

Айта кетерлігі, Bereke Bank мемлекеттік жеңілдік беретін, сондай-ақ өзінің бірқатар жеке бағдарламаларының аясында қазақстандық бизнестің серпінді дамуына лайықты үлес қосып келеді. Банк бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан және жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді.

Бүгінде Bereke Bank-те айналымдағы қаражатты толықтыруға берілетін қарыз, бизнес-ипотека, көлік және арнайы техника сатып алуға берілетін кредит және т.б. сияқты бизнес өкілдеріне арналған біршама бағдарламалар бар. Сонымен қатар алдағы жарты жылда несие рәсімдеген шағын бизнес клиенттері банк комиссиясын төлемейді.